23 - ші қыркүйек күні Ғылыми кітапхана, ҚТӘ -43 топ студенттерімен топ кураторы Ғабит Қайыржанұлының ұйымдастыруымен жастарға рухани азық болар тағылымды әдеби кеш өтті.
Кеш аясында М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің түлегі, ақын Қоблан Қуановтың «Шырмауық» атты кітабының тұсаукесері ұйымдастырылды.
Жинаққа ақынның 40 жыл бойы жазып келе жатқан өлеңдері мен әңгімелері енген. Ұзақ жылдар бойы архивте сақталған шығармалары ақынның достарының қолдауымен жинақталып, кітап болып жарық көрді. Өлеңдері мен ой-толғамдары топтастырылған жаңа жинақтың тұсауы ақын үшін айрықша орны бар, өзі білім алған М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің қара шаңырағында кесілді.
Бұл - университет түлегінің шығармашылық мұрасының туған білім ордасында қайта жаңғырып, жас ұрпаққа жол тартқан тағылымды сәті болды.
Кітаптың жарық көруі - ақынның шығармашылық мұрасының оқырманға қайта оралуы ғана емес, кейінгі ұрпақпен қауышуы.
Қоблан Қуанов өз қуанышын жасырмай, «Шырмауықтың» жастардың рухани дүниесін байытып, әдебиетке деген қызығушылығын арттыратынына сенім білдірді.