Жаңалықтар

2026 жылғы 22-23 қазанда Назарбаев Университетінің базасында «Кітапхана – диалог орталығы: коммуникация арқылы қауымдастықтарды біріктіру» тақырыбында 14-ші Еуразиялық академиялық кітапханалар конференциясы (EALC 2026) өтті.

Конференцияны Назарбаев Университетінің кітапханасы Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен және Жоғары оқу орындары кітапханаларының қауымдастығымен бірлесіп ұйымдастырды.

Конференция қатысушыларына құттықтау сөзбен Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілі Қадиша Даирова, Назарбаев Университетінің вице-президенті Гүлмира Қанай, Назарбаев Университеті академиялық мәселелер жөніндегі вице-провост Саманта Смидт, Қазақстан Республикасы ЖОО кітапханалары қауымдастығының Президенті Бақытжан Оразалиев және Назарбаев Университеті кітапханасының директоры Әсемгүл Темірханова сөз сөйледі.

Пленарлық отырыс аясында академиялық кітапханалардың халықаралық даму векторын айқындайтын баяндамалар ұсынылды. Б. Розенблум (Канзас университеті, АҚШ) «Қазақстан мен Канзас арасында: далалар мен жазықтар арқылы кітапханалық ынтымақтастық» атты баяндамасында трансшекаралық кітапханалық әріптестіктің модельдеріне талдау жасады. Джи-ён Ли (Корея кітапханалық қауымдастығы, Корея Республикасы) цифрлық трансформация жағдайында кітапханалық қауымдастықтарды дамытудың стратегиялық тәсілдерін ашып көрсетті.

Секциялық отырыстарда жасанды интеллект негізіндегі зияткерлік кітапханалық операциялар үшін деректерді интеграциялаудың тұжырымдамалық негіздері қаралды. К. Э. Смит (Канзас университеті, АҚШ) инновациялардан коллаборативті өкілдікке көшу моделін ұсынып, стратегиялық өзгерістердің драйвері ретінде ішкі кәсіпкерлік феноменіне назар аударды. Орталық Азиядағы Америка университеті кітапханасы өкілдерінің (Ж. Бекбалаева, Т. Кожоканова, М. Керимова) ұжымдық баяндамасы өңірлік кейс негізінде коллаборативті кітапханалық экожүйелерді құруға арналды.

«Функциядан іргетасқа: ЖИ, зерттеулер, ақпаратты басқару және академиялық кітапханалардың рөлі» секциясы айқын қолданбалы сипатта өтіп, әлемдік ғылыми ақпарат провайдерлерінің презентацияларын қамтыды.

Секция аясында MikroInfo-IGroup – Платиналық демеуші; Clarivate, Elsevier, Wiley – Алтын демеушілер; Springer Nature, IEEE, Oxford University Press, EBSCO, Cambridge University Press, Wolters Kluwer – Күміс демеушілер ретінде таныстырылды.

Баяндамашылар зерттеу деректерін басқарудың, ғылыми өнімділікті талдаудың заманауи құралдарын және ғылыми зерттеудің толық циклін – ақпаратты іздеу мен верификациялаудан бастап жариялау мен дәйексөзді бағалауға дейін қолдауға арналған платформалық шешімдерді көрсетті.

«Табыс тарихымен және академиялық кітапханалардағы үздік тәжірибелермен алмасу» секциясында Э. Д. Биман-Кавалларо (Оңтүстік Флорида университеті, АҚШ) кітапханалық ынтымақтастық модельдерін қайта қарастыру арқылы кітапханалардың ықпалын кеңейтудің коммуникативтік стратегиясын ұсынды. А. Халюков («Ғылым пульсі» компаниясы) Қазақстан Республикасының әлемдік зерттеу кеңістігіне интеграциялануының рейтингтік стратегияларына және олардың өлшенетін нәтижелеріне талдау жасады. А. Абушавардың (Wiley) презентациясы ғылыми зерттеу циклін инфрақұрылымдық қолдауға бағытталды.

Конференцияға ғылыми кітапхана директоры Тоты Алимбекерова қатысып "бұл екі күн мазмұнды әрі қарқынды өтті, орасан зор кәсіби тәжірибе жинақталды. Көптеген әріптестермен танысып, тәжірибе алмастым. Әр баяндамадан түйерім болды. Алған білімді жұмысымда қолдануға тырысамын"- деп алған әсерімен бөлісті. Университет басшылығына, ұйымдастырушыларға рахметін жаудырды.