Жаңалықтар

М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің Студенттер үйінің оқу залында ғылыми кітапхана мен Тәрбие жұмысы және жастар саясаты департаментінің ұйымдастыруымен республикалық «Кітап оқитын ұлт» марафоны аясында «Оқуға құштар университет» атты іс-шара ұйымдастырылды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, оқу мәдениетін қалыптастыру, ұлттық әдебиетті насихаттау және рухани құндылықтарды дәріптеу.

Шараға университеттің профессор-оқытушылар құрамы, кітапханашылар мен студенттер қатысты.

Іс-шараның алғы сөзін Тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректор Қанат Әуесбайұлы алып, жастар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығына және марафон бағыттарына кеңінен тоқталды.

Кеш барысында марафон аясында ұсынылған кітап көрмесіне кітапханашы Жансауле Махсотқызы библиографиялық шолу жүргізді. Көрмеде республикалық марафонның жеті бағыты бойынша оқуға ұсынылған кітаптар таныстырылып, олардың мазмұны, авторлары мен тақырыптық ерекшеліктері туралы кеңінен ақпарат берілді.

Халық қаһарманы, даңқты қолбасшы әрі жазушы Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» шығармасын ҚТӘ (IP)-21 (3) тобының студенттері Салимова Жаннұр, Ислямова Гүлмира, ҚТӘ-31 тобының студенті Орынғали Ұлболсын, ИЯ (IP)-11 тобының студенті Ратбаева Ақниет, П (IP)-21 тобының студенті Ерболатқызы Гүлсезім, ИО-23 тобының студенттері Тілекқабыл Радима, Шайдолла Нұрқанат, НО (IP)-11 тобының студенті Ақылбекқызы Айша, НО-11 тобының студенті Алтынтасова Ардақ, ИО-23 тобының студенті Жоламан Медет талқылап, шығарманың басты идеясы, қазақ ауылының салт-дәстүрі мен батырдың балалық шағында алған ғибратты тәрбиесі туралы өз ойларын ортаға салды.

Шара соңында ғылыми кітапхана жетекшісі Тоты Еркінқызы белсенділік танытқан студенттерге ризашылығын білдірді. Марафон аясындағы бұл кездесу жастардың кітап әлеміне деген қызығушылығын одан әрі арттыра түскені сөзсіз.