Жаңалықтар

М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің Физика-математика факультетінде аға оқытушы Мухамбетова Гайнеш Гумаровнаның 36 жылдық педагогикалық қызметі мен ғылыми-әдістемелік еңбектеріне арналған «Педагогикалық шеберлік пен цифрлық білім сабақтастығы: 36 жылдық тәжірибе» атты көрме ұйымдастырылды.

Көрмеге оқытушының көпжылдық еңбек жолын айқындайтын ғылыми мақалалары, оқу және оқу-әдістемелік құралдары, бағдарламалау мен ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бағытындағы еңбектері, кәсіби жетістіктері және педагогикалық тәжірибесін танытатын материалдар қойылды. Көрме мазмұны дәстүрлі педагогикалық шеберлік пен заманауи цифрлық білім берудің өзара сабақтастығын жан-жақты көрсетті.

Көрменің ашылуына Физика-математика факультетінің деканы А.Н. Есенғалиева, М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті Ғылыми кітапханасының директоры Тоты Еркінқызы Алимбекерова, факультет оқытушылары мен студенттері қатысты.

Шара барысында сөз алған қонақтар Гайнеш Гумаровнаның университеттің білім беру үдерісіне қосқан үлесін, кәсіби шеберлігі мен ұстаздық жолын ерекше атап өтті. Олар мерейтой иесіне зор денсаулық, отбасылық амандық, шығармашылық табыс және педагогикалық қызметінде жаңа жетістіктер тілеп, ізгі ниеттерін білдірді.

Көрме – көпжылдық еңбекті дәріптеп қана қоймай, озық педагогикалық тәжірибені таратуға, жас оқытушыларға кәсіби бағыт-бағдар беруге және студенттердің ұстаздық мамандыққа қызығушылығын арттыруға арналған тағылымды алаң.

«Педагогикалық шеберлік пен цифрлық білім сабақтастығы: 36 жылдық тәжірибе» көрмесі алдағы уақытта да факультет оқытушылары мен студенттерінің назарына ұсынылып, өз жұмысын жалғастырады.