«Жыл оқырманы – 2026» байқауының марапаттау рәсімі өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі бастамаларымен үндесетін республикалық #КітапОқитынҰлтМарафоны елімізде кітап оқуды кеңінен насихаттап, білімді, рухани бай ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған.
Жастарды кітап оқуға тарту арқылы студенттердің тұлғалық дамуына, ой-өрісін кеңейтуге ықпал ету, белсенді оқырмандарды анықтап, ынталандыру мақсатында Ғылыми кітапхана жыл сайын «Жыл оқырманы» байқауын өткізуді дәстүрге айналдырды.
Байқаудың мақсаты - кітап оқудың маңыздылығын насихаттау, студент жастарды оқуға тарту, студенттер арасынан үздік оқырмандарды айқындау. Осы орайда «Жыл оқырманы – 2026» байқауының марапаттау рәсімі өтті.
Шарада тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректор Қанат Әуесбайұлы кітап оқу мәдениетінің маңыздылығына тоқталып, кітаптың жастардың рухани дамуы мен ой-өрісін кеңейтудегі рөлін атап өтті.
Байқау нәтижесі бойынша:«Белсенді оқырман – 2026» номинациясын педагогика және психология БББ 2-курс студенті Ерболатқызы Гүлсезім, «Ізденімпаз оқырман – 2026» номинациясын тарих, экономика және құқық факультетінің халықаралық қатынастар және дипломатия БББ 4-курс студенті Хусайнова Гүлфара, «Дарынды оқырман – 2026» номинациясын филология факультетінің қазақ тілі мен әдебиеті БББ ҚТӘ (IP)-21(3) тобының студенті Салимова Жаннұр жеңіп алды.
Кеш қонақтары - университет түлегі, қазіргі таңда №24 ЖОББМ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Шайкенов Арман Жанұзақұлы және «Белсенді оқырман – 2025» номинациясының иегері, физика-математика факультетінің 4-курс студенті Илиясова Гүлжібек жеңімпаздарды құттықтап, кітап оқуға шақырды.
Шара соңында Ғылыми кітапхананың директоры Тоты Еркінқызы оқырмандарға жылы лебізін білдіріп, марапат иелерін құттықтады.
Кешіміздің ең басты «Жыл оқырманы – 2026» номинациясы «Махамбет үздіктері» марапаттау шарасында анықталатын болады. Бірге асыға күтейік!
Бізбен бірге болыңыздар!











