Жаңалықтар

17 наурыз 2025ж. педагогика, мәдениет және өнер оқу залында  Жетістіктер тарихы жобасы аясында М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің аға оқытушысы, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі, Өнертану ғылымдарының магистрі, Республикалық облыстық, қалалық көрме – байқаулардың лауреаты, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің  дипломанты Асқат Абдешевпен кездесу кеші өтті.

Кеш барысында Асқат Бекқалиұлы өзінің шығармашылық жолы, өнер саласындағы тәжірибесі мен жетістіктері туралы әсерлі әңгіме өрбітті. Қатысушылар бейнелеу өнерінің, соның ішінде линогравюраның қыр-сыры, шығармашылық ізденіс пен шеберлікті шыңдау жолдары жөнінде құнды мағлұматтар алды.

Кездесу барысында суретші өзінің өнердегі алғашқы қадамдарынан бастап, бүгінгі жетістіктеріне дейінгі жолын баяндап, көркемдік бағыттағы жұмыстарында ұстанатын негізгі қағидаларымен бөлісті. Сонымен қатар, ол көркем шығармалардың маңыздылығы, ұлттық мәдениетті дәріптеудегі рөлі мен Қазақстандағы қазіргі өнер саласы туралы ой қозғады.

Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік архивінен табылған «Жаскелең-Қоңырша» атты лирикалық-қаһармандық жырдың негізінде салған графикалық иллюстрацияларын да көрсетіп, олардың әрбір туындысының қалай орындалғаны туралы терең мағлұмат берді.

Шараға қатысқан студенттер мен оқытушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, өнер саласына қатысты маңызды ақпараттарға қанықты. Кездесу жылы әрі еркін әңгіме түрінде өтіп, қатысушылар үшін шабыт пен мотивация көзіне айналды.

Кеш соңында қатысушылар Асқат Абдешевке алғыстарын білдіріп, естелік суретке түсіп, болашақта осындай шығармашылық кездесулердің жиі ұйымдастырылатынына сенім білдірді.