Жаңалықтар

XXI ғасыр - білім, ғылымның ғасыры. Ал білімнің кәусар бұлағы кітап екені бәрімізге аян. Сондықтан , еліміздің болашағы жастардың білім жолындағы өмірлік құлшынысына жолдама беретін мәдени орталыққа айналып отырған бұл – Кітапхана. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу деді. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек» деді. Осы орайда адамдардың бір-бірімен қарым-қатынас жасаудағы тілден кейінгі ең кемел құралы – кітап. Адамның ойын байытып, сауатын жоғарылатып, білім нәрімен сусындатар орта – кітапхана.

Жастарды кітап оқуға тарту арқылы студенттердің тұлғалық дамуына, ой-өрісін кеңейтуге ықпал ету, белсенді оқырмандарды анықтап, ынталандыру мақсатында Ғылыми кітапхана жыл сайын «Жыл оқырманы» байқауын өткізуді дәстүрге айналдырды.

Мақсаты: кітап оқудың маңыздылығын насихаттап, студент жастарды оқуға тарту, студенттер арасынан үздік оқырмандарды айқындау. Эстетикалық талғамы бай, ойы зерек, қиялы жүйрік, жан-жақты білімді оқырмандар санатын қалыптастыру. Осы орайда «Жыл оқырманы – 2024» байқауының марапаттау рәсімі өтті.

Салтанатты шараға әр факультет студенттері мен оқытушылар құрамы қатысты. Кеш қонақтары «Жыл оқырманы - 2023» байқауында «Белсенді оқырман », «Ізденімпаз оқырман » номинациясын жеңіп алған жеңімпаздар қатысты.

Биылғы «Жыл оқырманы - 2024» байқауының «Белсенді оқырман – 2024» номинациясын жеңіп алған Математика- физика факультетінің БББ 3- курс студенті Халиматова Альбина, «Ізденімпаз оқырман - 2024» номинациясын Мәдениет және өнер факультетінің Режиссура білім беру бағдарламасының 3 – курс студенті Талғатов Минтемир, «Өнерпаз оқырман - 2024» номинациясын Педагогика факультетінің Бастауыш БББ 3 курс студенті Қосаев Тұрғанбек жеңіп алды. Әр оқырман өзінің ізгі тілектерін білдіріп, кітап оқуға деген қызығушылықтарын айтып өтті.

Кешіміздің ең басты «Жыл оқырманы - 2024» номинациясын Махамбет үздіктері марапаттау шарасында анықтап, бірге асыға білетін боламыз.

Бізбен бірге болыңыздар!